
Мюнхендік «Баварияның» жас жұлдызы Джамал Мусиала клубтық әлем чемпионатының ширек финалында ауыр жарақат алды.
Sky Sport журналисі Керри Хаудың хабарлауынша, футболшы Атлантадағы ауруханалардың біріне жедел жәрдем көлігімен жеткізілген.
Ойынның бірінші таймының соңына қарай ПСЖ қақпашысы Джанлуиджи Доннаруммамен болған қақтығыстан кейін Мусиала сол аяғынан қатты жарақат алды. Оны алаңнан зембілмен алып шықты. Алғашқы тексеріс нәтижесінде дәрігерлер асық жіліктің жіңішке сүйегі сынған болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.
Егер бұл диагноз нақтыланса, Мусиала жыл соңына дейін жасыл алаңға қайта оралмайды. Бұл — «Бавария» үшін айтарлықтай ауыр жаңалық. Себебі ол команда құрамындағы негізгі ойыншылардың бірі саналады және осы маусымда тұрақты өнер көрсетіп жүрген футболшы болатын.