
Бүгін Клубтық әлем чемпионатының жартылай финалында «Реал» мен «ПСЖ» кездеседі.
Мадридтік «Реал» клубының АҚШ-тағы сапары тосын жағдайға тап болды. Marca басылымының хабарлауынша, Нью-Джерси штатындағы Ньюарк әуежайына қону ауа райының қолайсыздығына байланысты 4 сағатқа кешікті.
Майамиден ұшақ бір жарым сағатқа кеш ұшқан, оған себеп — дауыл. Бірақ негізгі кідіріс Ньюарк әуежайының үстінде болған — лайнер бірнеше уақыт бойы ауада айналып қонуға рұқсат күткен.
Осы себепті жоспарланған баспасөз мәслихаты өтпей қалды.
Еске салайық, бүгін Клубтық әлем чемпионатының жартылай финалында «Реал» мен «ПСЖ» кездеседі. Жеңімпаз финалда лондондық «Челсимен» ойнайды.