
Англиялық «Манчестер Сити» клубы әйгілі ивуарлық қорғаушы Коло Туренің негізгі жаттықтырушылар штабына қосылғанын ресми түрде хабарлады.
44 жастағы Туре жазда АҚШ-та өткен клубтық әлем чемпионаты кезінде Хосеп Гвардиоланың көмекшісі ретінде жұмыс істеген. Жаттықтырушылар құрамындағы бұл рөлі енді тұрақты қызметке айналды.
Клубтың спорт директоры Угу Виана Коло Туренің бай тәжірибесі мен жастармен жұмыс істей білу қабілетін ерекше атап өтті:
«Коло – жоғары деңгейдегі футболшы ретінде де, тәлімгер ретінде де мол тәжірибесі бар маман. Ол клуб философиясын жақсы түсінеді және жастар академиясы мен негізгі құрам арасындағы байланысты нығайта түседі», – деді Виана.
Коло Туре 2009–2013 жылдар аралығында «Манчестер Сити» сапында өнер көрсетіп, Англия чемпионаты мен ұлттық кубоктарды жеңіп алған. Жақында ғана жастар құрамымен табысты жұмыс істеген ол енді негізгі команда сапында да өз үлесін қоспақ.